Бүгін заманауи медициналық жабдықтың Қызылорда облыстық перинатальдық орталығының (ОПО) балалар жансақтау бөліміне тапсырылуына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл жабдық ОПО-на «Аяла» қайырымдылық қорының «Тыныс ал, балақай» республикалық жобасының кезекті сатысының өткізілуі аясында берілді.
Мағрипа Ембергенова, ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру Департаменті ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының бастығы перинатальдық орталықтың жансақтау бөліміне заманауи аппаратты тапсыруға арналған баспасөз конференциясындағы өз сөз кезегінде: «Аяла» қайырымдылық қорының біздің балалар ауруханаларына беріп отырған бұл жабдықтары дәрігерлерге балалар өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Денсаулық сақтау Министрлігімен және қормен ұйымдастырылатын «Тыныс ал, балақай», және «Өмірге дем салу» жобалары жоғарғы тиімділіктерін күнделікті көрсетіп отыр. Жеке меншік қайырымдылық қордың бастамасы отандық бизнес өкілдерінің арасында да қолдау тауып отыр», - деді.
Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серік Қуандықұлы Игембаев аппаратты тапсыруға арналғанжиында былай деді: «Арал аймағының өте қиын экологиялық жағдайына байланысты барлық облыстардың дені сау халқы, соның ішінде бала тууға қабілетті жастағы әйелдер зардап шегуде. Сондықтан да, өкінішке орай, облыс бойынша сәбилер өлімінің көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жыл сайын өсіп отыр. Бірінші 0-6 тәулікте шетінеген шала туған сәбилердің пайызы 66,4%, соның ішінде денесінің салмағы өте төмен 500-ден 999 г.дейін - 21,1% құрап отыр. Орташа есеппен жыл сайын абсолютті сан бойынша 46-51 бала өте төмен дене салмағымен (500-999г) туылады, оның ішінде бірінші 0-6 тәулік ішінде 34-38 сәби шетінеп кетеді, 10-12 өмір сүреді, 1 жасқа дейін 7-9 бала тірі қалады. 1 жасқа дейінгі салмағы аз балалардың өмір сүру қабілеті 2009 жылы 3,8%, 2011 жылы 17,6% құрап отырғанын атап айтқым келеді».
«Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов: «Дәрігер ретінде өз күш-жігеріміздің жүзеге асып жатқанын көріп отырмын. Демеушілердің қолдауынсыз біздің бұл жұмыстарымыз жоққа шығатын еді. Біздің қормен бірлесе жұмыс істегендері үшін Марат Бисенғалиев пен оның отбасының мүшелеріне алғыс айтқым келеді. «Тыныс ал, балақай. Қызылорда» жобасын жүзеге асыруға арналған қаржының көп бөлігі біздің қордың 5-жылдығын атап өту кезінде, біздің жерлесіміз әлемдік скрипка музыкасының жұлдызы Марат Бисенғалиевтің қайырымдылық концерті барысында жиналғандығын атап өткім келеді», - деді.
Осы концерттің көптеген демеушілерінің бірі ретінде «Кар-Тел» (ТМ Beeline) компаниясы шықты. Баспасөз конференциясы кезінде Қызылорда бөлімшесінің директоры Сергей Цой бұл жағдайды былай түсіндірді: «Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында қашанда ойланып жүреміз. Бүгін біз «Аяла» қайырымдылық қорының «Тыныс ал, балақай» жобасына қолдау көрсеткенімізге орай айтқан алғыстарын қуанышпен қабылдаймыз. Бұл алғыс біздің қызметкерлер мен серіктестеріміздің есіне қайырымдылықты жасаудың оңай екендігін, ал ең бастысы керек екендігін еске салып отыру үшін біздің компаниямыздың кеңсесіндегі ең көрінетін жерге ілінеді. Мен біздің компаниядағы sms-фандрайзингті ұзартуға өтініш білдіремін».
Марат Бисенғалиевтің 2012 жылдың 2 мамырында Алматыда өткен концерті кезінде ірі коммерциялық компаниялар мен жеке тұлғалардың қолдауымен 19 373 640 теңге жиналғанын естеріңізге сала кетейік. Концерттің бас демеушісі болып Жинақбанкі шықты. Өкінішке орай, Жинақбанкінің өкілдері мен Марат Бисенғалиевтің жеке өзі бүгінгі жабдықтарды тапсыруға арналған салтанатты жиынға келе алмады. Жинақбанктің басқару төрағасының орынбасары Шухрат Садыров былай деді: «Жинақбанк үшін әлеуметтік жауапкершілік – Қазақстанның барлық аймақтарындағы жұмыстардың ажырамас бөлігі. Біз қашанда қайырымдылық және демеушілік жобаларды және біздің қоғамның ең кішкентай мүшелері – балаларға көмек көрсетуді қолдап отырамыз. «Аяла» қайырымдылық қорының жобаларына Жинақбанкі аса көңіл аударады, себебі бұл көмектің баратын жері – өмірінің бірінші күнінен бастап қиын ауру түрлеріне тап болған сәбилер. Егер біз көмек қолын соза алсақ, біз бұны жасаймыз».
Марат Бисенғалиев: «Мен шет елдерде қайырымдылық акцияларына бірнеше рет қатысқанмын және де өз Отанымдағы осындай ұсыныстардан бас тартпайтыным белгілі. Бір кездері мен Қызыл Крест Қоғамына қаражат жіберген едім, алайда ол қаражаттың қайда жіберілгендігі туралы - қызметкерлердің жалақысына ма, шығындарын өтеуге ме, әлде басқа бір жерлерге кеткендігі туралы ешқандай ақпарат ала алмадым. «Аяла» қайырымдылық қорымен серіктес бола отырып менің концертімді өткізу мен дайындық барысында жиналған барлық қаржының Қызылорда облыстық перинатальды орталыққа көмек ретінде жұмсалғандығына менің көзім әбден жетті».
Жобаны жүзеге асыру кезінде «Британ-Қазақ Қоғамы», «Ciao pizza», «Мамамия» мейрамханалар желісі, «Bizzaro» мейрамханасы, «Эйр Астана» әуе компаниясы, «Viled» зергерлер салонының желісі, «Alser», «Жаңа технологиялар», «Ordamed», «Петрокоммерц Қазақстан», «СМП-А», «Ақбастау», «BASF», «Art Visit», «Beeline», «YPO», «MED Capital», «CAICC», «SLK-Asia Trade », «СтройКонтракт» компаниялары көп үлес қосты. Біздің қор жоғарғы технологиялық көмек көрсетілетін балалардың атынан осы компаниялардың басшылығы мен қызметкерлеріне алғыс білдіреді.
Перинатальдық орталықтың медициналық қызметкерлері біздің қордың өкілдеріне үлкен алғыс білдіре отырып, сыйланған аппаратураларды көздерінің қарашығындай сақтайтындықтарын айтты, сонымен бірге олардың құры тұрмайтындарын да айтып өтті, себебі шала туға сәбилерге әр минут сайын көмек көрсетілетіндігін атап өтті.
http://ayala-story.kz/redesign2/index.php/kz/about-kz/archive-news-kz/item/1448-news-kz#sigFreeId807223f156