Біздің тілшіміз бүгін музыкант Нұрлан Албанмен және оның продюсері Жан Мұқановпен әңгімелеседі. Нұрлан Албан 15 жылдан астам уақыт бойы түрлі іс-шаралардың, шоу, бағдарламалардың, концерттердің жүргізушісі ретінде белгілі. Жақында Нұрлан Албан екі алғашқы жеке альбомын шығарды. Олар «Сәлем» және «Қарттарым, аман - саумысың...» деп аталады. Нұрлан фолк-рок ойнайды.
- Нұрлан, өзің туралы айтып берсең.
- Тұзкөл ауылында (Нарынқол, Алматы облысы) дүниеге келдім. Бүгінде дарынды балаларға арналған мектеп деп аталатын № 2 республикалық мектеп-интернатта оқыдым. Одан кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында оқыдым. Академияны «кино және драма актері» деген мамандықпен бітірдім. Содан соң бес жылға жуық Жас өспірімдер театрында актер болып жұмыс істедім. Кейіннен, театрда жұмыс істей жүріп, «Үркер» тобының құрамында ән айттым.
- Шығармашылық өмірбаяныңнан ең ұмытылмас оқиға есіңде ме?
- Бұл күлкілі және мен үшін сабақ боларлық оқиға «Үркер» тобының Нью-Йорктегі гастрольдік сапары кезінде Аллен Холл концерттік залында орын алды. Көрермендердің арасында қазақ диаспорасының өкілдері небәрі жиырма пайызға жуық болды, қалғандары американдықтар еді.
Концерт барысында мен домбыраны тарта отырып әнді жеке орындауға шықтым. Әнімді аяқтағаннан кейін залдағылар «бис!» деп айқайлады. Мен оны күткен жоқпын, сондықтан ештеңе деп жауап бере алмадым. Мен бағдарлама бойынша біздің тобымыздың келесі орындаушысы осындай ән айтады алдарыңызда деп айтуым керек еді. Алайда мен мүлдем дайын емес едім және ойдан шығару да қолымнан келмес еді, себебі ол кезде ағылшын тілін білмейтінмін. Ақырында әбден абыржып, жан-жағыма қарай бастадым... Сол кезде «Үркер» тобының жетекшісі Айдос Сағат сахнаның ар жағынан маған қарай басын изеп, әрі қарай ән айта бер деген белгі берді. Мен тағы да бір ән орындадым... Содан кейін... қатарынан жеті ән айттым...
- Өміріңде соңғы жылда қандай жаңалық болды?
- «Үркер» ұжымында сегіз жыл жұмыс істеп, мен өткен жылдың соңында одан кетіп, бір жылдан бері жеке ән айтып жүрмін. Биыл 2 жеке альбомымды шығардым және осы альбомдарды сатудан түскен қаражатты «АЯЛА» қайырымдылық қорына береміз.
- Жаңа альбомдарды сатудан түскен БАРЛЫҚ қаражатты қайырымдылық ісіне аудару туралы ой қалай келді? Бұл сұрақты Жанға қойғым келіп отыр.
- Қайырымдылықпен біз көптен бері айналысып келеміз, біздің орталығымыз бір көп балалы жанұяға көмектесіп тұрды, бірақ уақыт келе біз бұл көмектің ауқымын кеңейту, яғни мұқтаж адамдарға одан да көбірек көмектесудің қажет екендігін түсіндік. Біз Алматыдағы қайырымдылық қорларын іздестіре бастадық және Интернетте әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға көмек көрсететін түрлі қоғамдық және жеке қорлардың ұзақ тізімін тауып алдық. Алайда біз қорды таңдауда өте мұқият болдық және осы қорлардың қызметіне шағын талдау жүргіздік. Нәтижесінде біз «АЯЛА» қайырымдылық қорын таңдадық.
- Дәл осы қорды таңдаған кезде нені басшылыққа алдыңыздар?
- Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл қордың балаларға және көп дәрежеде балалар ауруханаларына көмектесетінін анықтадық. Екіншіден, қордың жобалары жүздеген және мыңдаған балаларға көмек көрсетуді меңзейді. Үшіншіден, «АЯЛА» қорының әріптестері елімізде танымал компаниялар мен банктер. Төртіншіден, біз қор қызметінің қаржылық тұрғыдан алғанда ашық екеніне көз жеткіздік.
- Сіздердің той индустриясы орталығында «АЯЛА» қорының жобаларына қаражат жинауға арналған бокс орнатылған. Сіздерге келетін адамдар өз ақшасын қаншалықты жиі және қаншалықты көп салады?
- Мен өз басым оны қадағаламаймын, бірақ қызметкерлердің айтуына қарағанда, біздің клиенттер аздап болса да, боксқа ақшаны жиі салып тұрады. Келушілер ақшаның қайда жұмсалатыны туралы сұраған кезде біз оларға қордың қызметі туралы толығырақ айтуға тырысамыз. Бұл тұрғыдан алғанда біз «АЯЛА» қайырымдылық қорына еліміздегі қайырымдылық мәдениетін және дәстүрін тәрбиелеу ісінде жәрдемдесеміз. Осындай қорлардың жұмысы туралы неғұрлым көп адам білген сайын оларға деген сенім де ұлғая түседі және сол арқылы қайырымдылық қорлары одан да көп игі істерді жасай алады. Қордың жұмысы туралы жан-жақты білгеннен кейін біз оған жаңа жобаларын іске асыруда көмек көрсетуге тырысамыз және ол үшін біздің белгілі бір ресурстарымыз бар. Альбом сатудан түскен қаражатты, боксқа салынған ақшаны есептемегенде, қор туралы ақпаратты біздің «Wedding world. Той әлемі» журналымызда орналастыра отырып, қордың жұмысын одан да танымал етуге мүмкіндігіміз бар.
Сұхбатыңызға көп рақмет. Сіздерге және Сіздердің командаларыңызға шығармашылық табыс және сәттілік тілейміз.