Алматы қаласының жеті перзентханасының акушер-гинекологтарына, неонатологтарына және медбикелеріне Литва медицина қызметкерлерінің оқыту семинарларына қатысқаны үшін салтанатты түрде сертификаттар тапсырылды. Вильнюс университеті неонаталдық орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Арунас Любшистің және медбике Инеса Суботовичтің тренингтері 7 – 12 – желтоқсан аралығында Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы базасында өткізілді. Литва мамандарын «АЯЛА» қайырымдылық қоры және «Шеврон» компаниясы шақырды.
48 сағат қарқынды практика мен теория! Литва мамандарының басшылығымен өткен біліктілікті арттыру курстарынан көптеген Қазақстан дәрігерлері алғаш рет өтті. Курстардың тақырыбы: «Науқас және айы-күні жетпеген нәрестеге тиімді көмек».
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Эльмира Жақашева хабарлағандай, мұндай тренингтердің нәтижелері кемінде жарты жылдан кейін белгілі болады. Алайда қазірдің өзінде Қазақстан дәрігерлері халықаралық сарапшыға өздерінің сұрағын қою мүмкіндігі үшін алғысын білдіруде. Арунас Любшис және Инеса Суботович нәрестелерді, оның ішінде салмағы өте төмен нәрестелерді бағып-күту, емдеу, тамақтандыру ерекшеліктері туралы айтып берді. Бұдан басқа, олар Алматылық әріптестермен бірге балалардың бактериялық және саңырауқұлақ сепсисінің алдын алу және оны емдеу, нәрестелердің қалыпты дене қызуын ұстап тұру және көптеген басқа да мәселелерді талқылады. Өткен жылы Арунас Любшис Алматы перинаталдық орталығына тәжірибе алмасу мақсатында келгенін еске түсірейік. Өткізілген семинарлардың нәтижесінде дәрігерлер нәрестелердің өлімін 2 еседен астам төмендетуге мүмкіндік алды.
http://ayala-story.kz/redesign2/index.php/kz/portfolio-kz/hospitals-news-kz/item/1397-news-kz#sigFreeIde7bf4a1ff6