Бүгін Ерлан Көкеевтің диско барында fashion сатылым өтті. Бұл іс-шара қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылды. Осындай форматтағы және бағыттағы оқиға Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Бұл іс-шараның бастамашысы «Бала жүрегі» қоғамдастығы болды. Бұл волонтерлік топ біздің қорымыздың жобаларына қаражат жинау бойынша акцияларды бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Биылғы мамыр айында балалар жұмыстарының қайырымдылық жәрмеңкесі өткенін еске түсірейік. Бұл жәрмеңке барысында жиналған барлық ақша Астана қаласының № 1 перинаталдық орталығы үшін BiliChek аппаратын сатып алуға жұмсалды. Бұл аппарат нәрестелердің билирубин деңгейін қан алмай диагностика жасауға арналған. «Бала жүрегі» қоғамдастығының жас әйелдері бастаған ісін жалғастыру және сәндік сатылым барысында фототерапия аппараттарын сатып алуға қаражат жинау туралы шешім қабылдады. Фототерапия – нәрестелердің сары ауруын емдеудің ең тиімді әдісі.
«Бала жүрегі» қоғамдастығы іс-шараға қазақстандық шоу-бизнестің, сән әлемі жұлдыздарының және басқа да белгілі адамдардың назарын аударту үшін әлеуметтік желілерде ауқымды дайындық жұмысын жүргізді. Қайырымдылық акциясына қатысу туралы үндеуге диско барында сатылым өткен Ерлан Көкеев бірден үн қатты, бұдан басқа Ерлан өзінің әйгілі қызыл курткасын берді. Жамиля Серкебаева, Толқын Забирова, Әсел Сағатова, Баян Есентаева, аты аңызға айналған Досым Сүлеев, Мұрат Оспанов, Ақсәуле Әлжан, Жасын Қанбаев, Майя Бекбаева, Махаббат Есен, Қайрат Нұртас, Мөлдір Әуелбекова, Нұрлан Әлімжанов, Нұртас Құсайынов, Дильназ Ахмадиева, Нұрлан Абдуллин сатылым үшін концерттік костюмдерін, әшекейлерін, телевизиялық киімдерін, кәдесый жиынтығын, коллекциялық дискілерін, қолдан жасалған бұйымдарды ұсынды. Наталья Райм және Ольга Федотова алтын сақинасын және үрім-бұтағына берілетін әшекейін берді. Сатылым барысында Ырза Тұрсынзаданың басшылығымен «Алтын Орда» дизайнерлік үйінің, Балнұр Асанованың «Сымбат» сән үйінің, дизайнер Нағима Қайдарованың бұйымдарын және Динара Сәтжан мен Айгүл Мүкейдің сәнді киімдерін сатып алуға мүмкіндік берілді. «Бижу» салоны, «Ретро фан» компаниясы картиналар мен әшекейлерді өтеусіз негізде ұсынды, Әлия Суабекова және Ақмарал, сондай-ақ Динара Құсайынова алқа мен білезіктер берді. Іс-шара «Бала жүрегі» қоғамдастығының достарынсыз мүмкін болмас еді. Бас демеушісі lounge bar Al Salam болды. Іс-шараға сондай-ақ Umbrella мейрамханалар желісі, Fashion School Agency, «Ваннекс» компаниясы, косметология орталығы, «Альфа» студиясы, «АйдаҺар Экспо» көрме компаниясы, стилист Елдос Алтаев, Астана қаласының сәнді киімнің көптеген дүкендері мен бутиктері қолдау көрсетті.
Сатылым барысында бүкіл заттарды осындай бұйымдар үшін аса төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік болды. Мысалы, белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанның көйлегі 13 000 теңгеге сатылды, ал брендтік заттардың көпшілігі 10 000 – 30 000 теңге аралығында сатылды. Соған қарамастан, ұйымдастырушылардың мақсатына қол жеткізіліп, олар Астана қаласының № 1 және № 2 перинаталдық орталықтарына екі фототерапия аппаратын сатып алу үшін 1 млн. теңгеден астам ақша жинады. Перинаталдық орталықтардың балалар жан сақтау бөлімшелеріне бұл аппараттарды орнату «Ұлт денсаулығы перзентханадан басталады» атты жобамызды іске асыруда тағы да бір қадам болады.
«АЯЛА» қайырымдылық қоры «Бала жүрегі» қоғамдастығын ұйымдастырған үш тамаша әйел әрі қамқор аналар Жанар Сәрсеноваға, Гүлнар Бисариноваға және Жанар Бураханға шынайы алғысын білдіреді. Біздің қамқорлығымыздағы бүкіл балалардың атынан оларға зор денсаулық және бақыт тілейміз.
http://ayala-story.kz/redesign2/index.php/kz/portfolio-kz/hospitals-news-kz/item/2113-news-kz#sigFreeId8c4c7a4c22